«Бастау» фестивалінің жаңа жүлдесі

10-шы мерейтойлық «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер фестивалінде жаңа жүлде пайда болады. Биылдан бастап ең үздік қысқаметражды фильм авторына Қалықбек Салықов атындағы сыйлық беріледі.

Салықов кино әлеміне 80-жылдардың басында келді. Оның екінші кинотуындысы – «Алтын мекре» қысқаметражды фильмі Киевте өткен «Молодист-85» фестивалінде жүлдемен марапатталған.

Одан кейін режиссерге әйгілі «Балкон» фильмі бүкілодақтық атақ әкелді. Бұл картина Мәскеудегі «Дебют» фестивалінде жүлдеге ие болды. 1992 жылы Салықов тағы да «Желтоқсан ғашықтары» фильмін түсірді. Ал 1995 жылы ол жол апатынан қайтыс болды.

«Бастау» президенті Сергей Әзімовтің айтуынша, «Қазақтың жаңа толқыны» дәл осы «Балкон» фильмінен басталды және оның авторының құрметіне сыйлық тағайындау әділетті шешім.

Бұл «Бастауда» берілетін жалғыз атаулы марапат емес. Фестиваль аясында дәстүрлі түрде үздік деректі фильмге Қазақстан деректі киносының белді қайраткерлерінің бірі, Қазақ КСР халық әртісі, режиссер Ораз Әбішев атындағы сыйлық беріледі. Бұл сыйлықты Ораз Әбішев атындағы қоғамдық қор табыстайды.

Фестивальдің ақпараттық серіктестері: “Хабар» агенттігі, «Қазақстан», «Ел Арна», «Алматы», СТВ телеарналары, Эльдорадио радиосы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новая газета”, “Аргументы и факты Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» басылымдары, «Tengrinews”, «Massaget», “Экспресс K», «365 info», «Orda.kz», «Kazakh24.info», «Tengri Lifestyle» интернет порталдары.