Фестиваль тарихы

І «Бастау» Халықаралық кинофестивалі 2011 жылы ұйымдастырылғанымен, шын мәнінде оның 30 жылдан астам тарихы бар. Алғаш рет ол сонау 1982 жылы дебют фильмдер фестивалі ретінде басталған мәдени шарада талай талантты жас фестиваль лауреаты атанған.

Фестивальдың қайта жандануы Еуразия аймағындағы киномектептердің ғана емес, сондай-ақ жетекші дүниежүзілік киномектептердің де басын қосуға мүмкіндік берді.

«Бастау» Халықаралық студенттер фильмдері және  киномектептер  кинофестивалі дүниежүзінің жас кинематографистерінің арасында ынтымақтастық және мәдени байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылады.

Фестивальдың басты басты міндеті -қатысушылардың жалпы кәсіби деңгейін көтеру, олардың жұмыстарын қолдау әрі халыққа жеткізу, жастардың түрлі жанрдағы кинофильмдер түсіруге қызығушылығын арттыру. «Бастау» кинофестивалі – жас режиссерлар мен сценаристерге жеке жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Фестивальдың басты ерекшелігі – оған тән еркіндік. Оның тыныс-ырғағын қатысушы жас буын өзі  айқындайды. Сондықтан байқаудағы жұмыстарға  негізгі қазылар алқасымен қоса халықаралық студенттер қазылар алқасы қатар баға береді.

Конкурстық көрсетілімдерге қоса кинофестиваль аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында атақты кинорежиссерлар мен продюсерлер шеберлік дәрістер өткізеді. Сондай-ақ әлемдік кино майталмандарының ретроспективалары көрсетіледі.  

Шеберлік дәрістерінің басты міндеті – жетекші киномайталмандарға қысқа мерзімде білімі мен тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік беру.