10-шы «Бастауға» 40-тан астам ел қатысады

X-шы халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестиваліне қатысу үшін мыңнан астам өтінім келіп түсті.

Олардың ішінде фестивальдің іріктеу комиссиясы әлемнің 40-тан астам елінен 60-қа жуық картинаны анықтады. Биылғы байқауға қатысушылардың қатарында Жапония мен Австралия, Нидерланды мен Палестина, Ұлыбритания мен Колумбия, Израиль мен Германиядан режиссерлер бар. Сондықтан толық негізде мерейтойлық «Бастау» биылғы жылы географиялық рекорд орнатты деп айтуға болады.

Естеріңізге сала кетсек, X халықаралық «Бастау» кинофестивалі 2022 жылдың 29 қарашасы мен 3 желтоқсаны аралығында өтеді. Оны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Tanaris Production кинокомпаниясы ұйымдастырады. Фестиваль серіктестері: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Фестивальге «Хабар», «Алматы», СТВ және Qazaqstan телеарналары, «Эльдорадио» радиосы, «Тенгриньюс» ақпараттық порталы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новая газета», «Алматы ақшамы», «Вечерный Алматы», «Аргументы и факты Қазақстан» газеттері, Massaget.kz порталы, «Экспресс К», «365 Инфо», Orda.kz және Kazakh24.info сайттары ақпараттық қолдау көрсетеді.