Жастар фестивалі, қазақ киносының деңгейі – Сергей Әзімовпен сұхбат
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 29 қарашада Алматыда «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдердің 10-мерейтойлық фестивалі басталады. «Бастау» неден басталды, бүгінгі кинематографистерді не толғандырады, жақсы режиссер қандай болуы керек? Осы және өзге де тақырыптар төңірегінде ҚазАқпарат тілшісі фестивальдің негізін қалаушы және тұрақты президенті Сергей Әзімовпен сұхбаттасқан еді.
– Сергей Жұмабайұлы, фестиваль үшін он жыл аз емес. Сіз қандай да бір аралық қорытынды шығара алдыңыз ба, осы жылдар ішінде бәрі ойлағандай болды ма?
– Біздің қазіргі таңдағы өмір сүріп жатқан мәдени кеңістігімізде ештеңеге, ешкімге қарамастан көп жұмыс істеу оңай емес. Біз фестиваль өткізіп жүрген 10 жылда бұл қағида өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алайда біздің айналысатын ісіміз қаншалықты қажет әрі маңызды екенін түсінеміз. Мен, ең алдымен жастарды қолдауға бағытталған фестиваль қозғалысы туралы айтып отырмын.
Еңбегіміздің басты мәні мен мағынасын былай түсіндірер едім: осы фестиваль ең алдымен, қатысушыларға қажет болса және солар бағаласа екен дейміз. Шығармашылыққа енді қадам басқан жастарды байқап, қолдау өте маңызды. Иә, тек өзім үшін, өзімнің шығармашылық әлеуетімді жүзеге асыру үшін жазамын, түсіремін дейтіндер бар, бірақ бұл құр әңгіме. Нағыз шығармашылық әрқашан сыртқы әлемге бағытталған. Автор үшін рухани өнімді тұтынушының оны мойындағаны, назар аударғаны өте маңызды. Жас кинорежиссерларда мұндай мүмкіндік жоқ, сондықтан осындай кинофорумдар олар үшін бірден-бір трамплин болады. Сол үшін де біздің фестиваль «Бастау» деп бекер аталмаған.
– Бастау демекші… Он жыл бұрын осының бәрі қалай басталды?
– Шынын айтсақ, бәрі әлдеқайда ертерек сонау 1982 жылы басталған еді. Кеңес үкіметі кезінде Бүкілодақтық кинофестиваль, жұмысшылар туралы фильмдер фестивалі және ауылшаруашылық фильмдер фестивалі ғана болды. Басқа мүлдем болған жоқ! Украинада жастар фестивалі өтетін, ол 70-ші жылдары басталып, қолдауы да мықты болды.
Бір сөзбен айтқанда, біз – жас қазақ кинематографистері, жиналып, өзіміздің жаңа фестиваліміз қажет деп шештік. Бір қызығы, бастамамызды республикалық комсомол ұйымы да, Кинематографистер одағы да қолдады. Тағы бір керемет нәрсе: ешкім бізді қатты реттеп, шектеуге тырыспады. Біз ондаған жылдар бойы қалыптасқан ережелер мен тәртіпті бұздық десе де болады. Өзіміз бағдарламасын ойлап таптық, кімді шақырамыз – өзіміз шештік. Орталық Азия республикалары, Грузия, Мәскеу және Ленинградпен шектелдік. Бүкіл Одақты қамтуға тырыспадық – мұндай мүмкіндігіміз болған да жоқ. Әрине, оңай болмады, қолымыздан келе ме деп уайымдап жүрдік.
Содан фестиваль өткіздік. Грузияның арқасында десек, қателеспейтін шығармын. Олар сол кездің өзінде қызық фильмдерді көп түсіретін. Бұл грузиндер алғаш болып өз кинофакультетін ашқандықтан деп ойлаймын. Бұған дейін кино мамандарын тек Мәскеуде және кейінірек Ленинградта оқытатын. Ал біз өзіміздің кино факультетіміз болады деп армандай да алмадық.
Жалпы айтқанда, бәрі ойдағыдай өтті. Жас кинорежиссерлер ғана емес, 20 жыл деректі фильмдер түсіріп, 40 жасында алғашқы көркем фильмін түсіргендер де болды.
Фестиваліміз ерекше құбылысқа айналып, тек республикада ғана емес, КСРО Кинематографистер Одағында да өте белсенді талқыланды.
– Содан фестивальдің жалғасы болды ма?
– Екінші фестивальді төрт жыл күттік. 1986 жылы мамырда Кинематографистер одағының V Съезі өтті. Оны әлі күнге дейін кеңестік шенеуніктер жүйесінің түбіне жеткен қайта құру дәуірінің бас революциясы деп атайды. Міне, осы кезде екінші фестивальді міндетті түрде өткізуіміз керек екенін түсіндік. Ұйымдастыру комитетін құрып, бірнеше ай ішінде ашылу күнін 16 желтоқсанға белгіледік десем, сенбейтін шығарсыз. Әрине, желтоқсанда да, қаңтарда да ешқандай ашылу салтанаты болған жоқ.
Ақпан айында біз фестивальді өйтіп-бүйтіп өткіздік. Сол кезде КПСС Орталық Комитетінің Саяси Бюросы желтоқсандағы оқиғаларды «ұлтшылдық» деп бағалады. Ашылу салтанатында біздің қатысушыларымыздың бірі – грузин режиссері сахнаға шығып, өзінің құттықтау сөзін: «қазақтарды ұлтшыл деп айыптау – ақымақтық», – деп аяқтады.
Бұл фестивальді тиісті деңгейде өткізгенімізбен, бізді «жауып тастады». Осыған қарамастан, сол кезде үлкен маңызды оқиғалар болып жатқанын бәрі түсінді. Байланыстар үзілгенімен, ынтымақтастыққа деген мұқтаждық күшейді.
– Шамасы, әдеттегідей күрделі кезеңде…
– Иә, дәл солай. Біз бүгін де фестивальді өте күрделі кезеңде өткіземіз. Бұл еліміз бүгінде жүзеге асырып жатқан саясаттың жалғасы болады деп үміттенеміз. Себебі халықаралық тәртіп бар және одан бөлек ортақ рухани, мәдени, кинематографиялық ортақ құндылықтар бар. Бұл түсінік те өте маңызды. Онсыз фестиваль өткізудің мағынасы жоқ.
– Бірақ бүгінде фестивальдер көбейіп кетті. Бәсекелестіктен қорықпайсыз ба?
– Мәселен, Францияда ондаған кинофестиваль бар – бұл қалыпты жағдай. Көршілес Ресейде бүгінде өз фестивалін өткізбейтін бірде-бір өңір жоқ. Мен бұны құптаймын. Фестивальдар көп болғаны жақсы.
Бірінші фестивальден гөрі екінші, үшінші, төртіншіні ұйымдастыру әлдеқайда қиын. Жетінші немесе сегізінші фестиваль өткізу одан да қиын.
Фестивальдар көп. Бірақ басқаларға ұқсамайтын, ерекшесі аз. Қазақстанда көптеген жақсы фестивальдар шықты, олар әдемі ашылды, әсерлі басталды, барлық қатысушылар дұрыс және қажетті сөз сөйледі – бірақ бәрі сонымен бітіп қалды.
Өз жолыңды, кинематографиядағы үрдіске сай бағытыңды табу өте қиын.
– Сіз трендтер туралы айтып отырсыз ғой. Осы он жылда отандық кинематография айтарлықтай өзгерді ма?
– Әрине, өте қатты өзгерді. Процестің бел ортасында жүрген адам ретінде маған кейбір нәрселер ұнамайды. Бірақ бұл субъективті пікірім. Қазақ киносының өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар, бірақ жалпы ол жетіліп келеді.
– Алдымен кемшіліктерге тоқталсақ…
– Бұл жерде салыстыруға тура келеді. Кинорежиссер ретінде мен «формасы ұлттық, мазмұны социалистік» деген қағида үстемдік құрған кезеңде қалыптастым. Сол кезде егер шындықты көрсеткің келсе, қысымға тап боласыз. Тыйым салады, рұқсат берсе де тек белгілі бір көзқарас тұрғысынан болуы керек. Бұл біздің санамызға еніп кеткені соншалық, осы шектеулерді айналып өту біреулер үшін күнделікті әрекетке айналды. Мұны ешкім байқамайтындай етіп жасау керек болды. Айласын тауып, өткір жерлерін айналып өте отырып, бірақ қалағаныңды жеткізу қажет еді. Кейде қолдан келмей қалады да, ондай фильмдер сөреде шаң басып жататын.
Міне, осындай қатал тоталитарлық саяси да, тақырыптық та цензура шамамен 80-ші жылдардың соңына дейін жалғасты. Бірақ кейде азаттық пен егемендік сынағынан өту жаппай тыйымнан гөрі қиынырақ. Қазіргі таңда тосқауылдар жоқ, бірақ жақсы, талантты түсірілген туындылардың саны артқан жоқ.
– Бірақ мұндай сапалы фильмдер анда-санда экранға шығып жатады ғой, бұл жағымды тұсы емес пе?
– Әрине. Бұл кәсіби дәрежесі де, жеке қабілеті соған жететін адамдар мұндай дүние жасап шығарып жатыр. Маңызды тақырыптарды көтеретін, өмір, тағдыр, біздің жеріміз, осында тұратын халықтар туралы көрсетуге дайын адамдар жайлы айтып отырмын.
Бізде өте күрделі процестер, соның ішінде ұлтаралық мәселелер бар. Сіз менімен келісесіз бе, жоқ па, білмеймін. Менің айтпағым, халықтың мұң-мұқтажына тек ел басшылары ғана емес, біз секілді жазушылар, суретшілер, кинорежиссерлер де құлақ асуымыз керек. Бізде кейде халық үні естілмей қалып жатады.
Ойлап қараңызшы: Шешенстан, Қарабақ, Балтық жағалауы, Приднестровьеде болған жағдайлар – ең алдымен Қазақстанда да болуы мүмкін еді. Өйткені кеңес үкіметінің басшылары жүйеге қарсы шыққандарды осы жерге жинап әкелді, шиеленіс кез келген нәрседен туындап кетуі мүмкін еді. Бірақ ондай ештеңе де болған жоқ! Себебі күштеп көшіріліп әкелінген бұл халықтар: егер жанжал басталса, бәрі зардап шегетінін жақсы түсінді. Міне, осы ұстамдылық, шектен шықпау қабілеті жоғарыдан түскен нұсқау емес, төменнен, яғни қарапайым адамдардың санасында дүниеге келді.
Бұл – өте ауыр тақырып. Осындай тақырыптарды көтеретін режиссерлеріміз шыққанда қуанамыз. Сондықтан біз фестивальде кәсіпқой деңгей мен көркемдік шеберліктен бөлек, ой еркіндігін, батылдықты қолдауға тырысамыз. Тіпті біреуге бұл дұрыс емес, артық болып көрінетін де шығар. Саясатта компромис, конформизмге барып, қашанда бір ортақ жолды табуға тырысады. Бұл саясат үшін жақсы, ал өнерде ереже сәл өзгеше. Қазір парасаттылық пен гуманизм жетіспейді. Бірақ батылдық пен сана еркіндігі – ыңғайсыз болып көрінсе де, әлі де қажет. Бұл жастар фестивальдерінің маңызы мен қажеттілігі осында.
– Батылдық пен сана еркіндігінен басқа жақсы режиссерге тағы не қажет?
– Бұрын менен режиссура деген не деп сұрағанда білім, Құдайдың сыйы, шабыт деп жауап беретінмін. Енді менің айтарым: режиссура – бұл ең алдымен денсаулық пен мінез. Бұған сабыр да кіреді. Мінез бен сабыр – барлық қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі.
Жастар түсіне бермейді, жеңіліс деген болмайды. Егер сіз фильм түсіріп, соңына дейін жеткізсеңіз, тіпті ол жүлде алмаса да – ештеңе етпейді. Оның өзі жетістік – сіз өнер туындысын шығардыңыз.
Біз бәріміз – ұйымдастырушылар, ведомстволар мен кинотеатрлардың басшылары – қызмет көрсетуші персоналмыз. Иә, бәрі өз ісінің жоғары кәсіби мамандары екені даусыз. Бірақ осы фестивальдің басты кейіпкерлері – авторлар, режиссерлер, операторлар, драматургтер, жас актерлер. Біз тек солардың айналасында инфрақұрылым жасаймыз. Мұның бәрі олар үшін. Біз жастарға осыны сезіндіруіміз керек.
Біз бұл жұмысты жақсы деңгейде жасап келеміз деген үміттемін. Себебі жыл сайын қыркүйек айында жаңа оқу жылы басталған кезде шәкірттерім, тіпті мен сабақ бермейтін студенттер де: «келесі фестиваль бола ма?» деп сұрайды. Мен оларға әрқашан «өткізуге тырысамыз» деп жауап беремін. Ал биыл фестиваль өтеді деп нақты айта аламын!
https://www.inform.kz/kz/zhastar-festivali-kazak-kinosynyn-dengeyi-sergey-azimovpen-suhbat_a4004760