IX «Бастау» Халықаралық кинофестивалі аяқталды
Кеше, 4 желтоқсанда, Алматыда IX «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Фестивальдің қазылар алқасы кино мейрамын қорытындылап, бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Bastau Debuts байқау бағдарламасында Амин Найфенің «200 метр» атты картинасы басты жүлдені иеленді. «Үздік фильм» аталған картина бірнеше елдердің (Палестина, Иордания, Катар, Италия және Швеция) қатысуымен түсірілген және Таяу Шығыстағы отбасының оқиғасын баяндайды. Мұстафа мен оның әйелі Салва екі бөлек ауылда тұрады. Ол ауылдар бір-бірінен 200 метр қашықтықта орналасқанымен, қабырғамен бөлінген. Бірде телефон қоңырауы естіледі, енді отбасы үшін бәріне дайын әкесі қабырғаның арғы жағына өту керек. Ол үшін 200 метр қашықтық 200 шақырымдық одиссеяға айналады…
Юрий Быков бастаған халықаралық қазылар алқасы бұл фильмге сонымен қатар «Үздік режиссура» сыйлығын табыстады. Сонымен бірге бұл конкурстық бағдарламада «Үздік актер» сыйлығын «Белый кит» фильміндегі Дайнюс Гавенонис (Ресей), «Үздік актриса» марапатын «Кто спит в серебристо-сером» фильмінде ойнаған актриса Инин Ма (Қытай) жеңіп алды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» қазақстандық Әлішер Жәдігеровтың «Отау» картинасына бұйырды.
«Кез-келген фестиваль, белгілі бір мағынада – лотерея болып есептеледі. Сондықтан, бүгін марапатталмаған азаматтарға айтарым – өз қабілеттеріңізге, кино түсіруге деген талпыныстарыңызға және кино жасауға деген ұмтылыстарыңызға ешқашан күмәнданбаңыздар. Және ең бастысы – кино – сыйлықтар үшін, ду қол шапалақтар үшін түсірілмейді. Осыны әрдайым есте сақтаңыздар», – деді қазылар алқасының төрағасы Юрий Быков жабылу салтанатында.
Фестивальдің ең үздік қысқаметражды фильмі болып Тәжікстаннан келген режиссер Манзарали Шералидің «Обуза» картинасы атанды. Ресейлік Татьяна Федоровскаяның төрағалығымен өткен Bastau Shorts бағдарламасының қазылар алқасы келесі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады:
«Үздік қысқа метражды анимациялық фильм» – Шокир Холиковтың (Өзбекстан) «Қыз бен бұлт» фильмі.
«Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» – қазақстандық режиссер Нұрбол Ерболұлының «Түйме» картинасы.
«Ерекше атап өту» номинациясы – ресейлік Андрей Натоцинның «Катя» фильмі.
«Ерекше атап өту» номинациясы – Беларусь режиссер» Юрий Семашконың «Когда я был генерал» картинасы.
Деректі фильмдер секциясында «Үздік толықметражды деректі фильм» номинациясында Украинадан келген Андрей Лисецкийдің «Иван жері» атты жұмысы жеңіске жетті. Украиналық Мария Шевченконың «Родимое пятно» картинасы «Үздік қысқа метражды деректі фильм» номинациясын ұтып алды. Ал қазылар алқасының арнайы жүлдесі қазақстандық режиссер Тілек Ырысбектің «Жұмагүлдің әлемі» картинасына бұйырды.
Халықаралық студенттік қазылар алқасы өзбекстандық режиссер Шерзод Назаровтың «Жібек жолында» картинасына фестивальдің «Үздік қысқаметражды фильмі» марапатын тапсырды. Сондай-ақ, студенттік қазылар алқасының арнайы сыйлығын режиссер Эльза Гаудждің (Латвия) «Локдаун» фильмі жеңіп алды. Ал қазақстандық режиссерлер Ділшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» және Айдана Бауыржанқызының «Әке, ән айтып берейік бе?» жұмыстары қазылар алқасы тарапынан ерекше атап өтілді.
Атап өтсек, биыл кинофестиваль қатысушылары мен қонақтары бес күн ішінде әлемнің отыздан астам елінен 80 фильмді тамашалады.
Жыл сайынғы осы кино мерекесін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Тұран Университетінің, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Универститетінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен «Tanaris Production» және A Team кинокомпаниялары ұйымдастырды.