Алматыда “Бастау” IX Халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанаты өтті

Кеше, 30 қарашада, Алматыда “Бастау” IX Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің ашылуы өтті. Ресми ашылу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында болды.

Ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректорының м.а. Шәріпбек Әмірбеков, кино жұлдыздары Мұрат Бисенбин, Адина Бажан, Ольга Ландина және тағы басқалар қатысты. Қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылды.

Фестивальдің ашылу салтанатында «Бастау» ХКФ-нің президенті Сергей Әзімов:

«Менің жаным, менің жүрегім шынайы қуаныш пен фестивальдің сәтті өтетініне деген үмітке толы. Біз бұл фестивальді өте асығыс дайындадық. Оның жетістігінің кепілі – ең алдымен біздің достарымыз. Бізді шын жүректен қолдаған азаматтардың барлығына үлкен рахмет», – деді.

Сондай-ақ, салтанатты кеште пандемия кезінде қайтыс болған барлық кинематографистер еске алынды. Соның ішінде, тірі кезінде “Бастау” ХКФ қазылар алқасының құрамына кірген Фархат Әбдірайымовты «Қазақстандық кинематографқа қосқан үлесі үшін» ерекше сыйлығымен марапаттады. Марапатты алуға сахнаға актердің жұбайы Виктория, ұлдары Асан және Темірлан шықты.

Фестиваль Дәурен Қамшыбаевтың “Зере” дебюттік картинасымен ашылды. Бұған дейін фильм Бразилиядағы São Paulo International Film Festival 45-ші Халықаралық кинофестиваліне қатысқан. Картинаны қонақтарға режиссердің өзі таныстырып, көрсетілімнен соң көрермендерге жылы қабылдағандары үшін алғысын айтты.

Кинофестивальдің қазылар алқасын ресейлік режиссер, продюсер, сценарист және актер Юрий Быков басқарады. Сонымен бірге фестивальдің қазылар алқасының құрамына Трентодағы (Италия) кинофестивалдің көркемдік жетекшісі Андреа Морген, қазақстандық режиссер, сценарист және продюсер Рүстем Әбдірашев, Стамбулдағы “Босфор” кинофестивалінің көркемдік жетекшісі Эмра Кылич және қазақстандық актриса, продюсер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Венера Нигматуллина, МХКФ іріктеу комиссиясының мүшесі, 2morrow, «Край света. Восток» (Сахалин) и «Послание к человеку» (Санкт-Петебург) фестивальдерінің ұйымдастырушысы – Алексей Медведев, BAFTA Student Film Award жүлдесінің иегері және Berlinale talents қатысушысы Татьяна Федоровская, “Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы” бас продюсері Адай Әбелдинов, тәжік продюсері, кинорежиссер, сценарист, Душанбедегі балалар киносының эксперименттік мектебінің жетекшісі – Искандар Усмонов, ресейлік театр және кино актері, режиссер, сценарист – Илья Глинников және тағы басқалар бар.

Қысқа метр – кинематографтың ең күрделі түрі. Себебі бес, он, жиырма минутта сіз өзіңіздің жоспарыңызды, ойыңызды көрсетуіңіз керек. Ал ең маңыздысы және ең қиыны – осындай қысқа уақыт ішінде көрерменді өз кейіпкеріңізге ғашық ету“, – деді BAFTA Student Film Award сыйлығының иегері Татьяна Федоровская. Сондай-ақ, Федоровская Гран-при алатын фильм және қазылар алқасына ұнаған тағы бір жобаны BAFTA Students Academy-на ұсына алатындығын атап өтті.

Алдыңғы фестивальдердегідей, “Бастау” конкурстық бағдарламасы толық метражды көркем фильмдер – BASTAU DEBUTS және қысқа метражды фильмдер – Bastau SHORTS, сондай – ақ BASTAU DOCS – деректі жұмыстардан тұрады.

Жыл сайынғы осы кино мерекесін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Тұран Университетінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен «Tanaris Production» және A Team кинокомпаниялары ұйымдастырады.

Көрсетілімдерге кіру – тегін. «Бастау» IX Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің кестесін –  https://bastauiff.com/    сайтынан көре аласыздар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.