«Бастау»: ұрпақтар сабақтастығы
Біздің кинофестивальдің басты мақсаты – жас кинематографистерді қолдау. Және көптеген басқа фестивальдерден айырмашылығы – «Бастауда» бұл мақсаттың қалай жүзеге асырылып жатқанын анық байқауға болады.
2011 жылы өткен алғашқы «Бастау» фестивалінде жас режиссер-аниматор, кешегі Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА түлегі Адай Әбілдинов «Аңшы» жұмысы үшін үздік мультфильм жүлдесіне ие болған. Он жылдан кейін, 2021 жылы ол Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бас продюсері ретінде, «Жанұя» анимациялық қысқаметражды фильмінің авторы Мейіржан Төлепбайға 9-шы «Бастауда» 1 миллион теңгеге сыйлық табыс етті.
Ұйымдастырушылардың ойынша, нағыз сабақтастық осылай көрінуі керек. Фестиваль тарихында мұндай мысалдар көптеп саналады.
2015 жылы 6-шы «Бастауда» бас жүлдені Яна Скопинаның «Ты что-то прячешь в кулаке» қысқаметражды фильмі жеңіп алды. 2016 жылы ол студенттік қазылар алқасының құрамында фестивальдің ең жақсы фильмдерін өзі таңдады. Ал биыл мерейтойлық «Бастауды» өзінің толықметражды дебюті «Скоро кончится лето» атты фильмімен ашайын деп отыр.
Сол 2016 жылы испандық жас кинорежиссер Яго Матео Веласко өзінің «Фишура» қысқа метражды лентасымен жеңімпаз атанған болатын. Келесі жылы 8-ші «Бастауда» ол – фестиваль дәстүрі бойынша студенттік қазылар алқасының жұмысына қатысты, ал бүгінде әйгілі Канн фестивалі аясында Marché du Film кино нарығында білім беру бағдарламаларымен айналысады.
Кешегі дебютанттар бүгінгі күннің шеберлеріне айналуда. Ал сол кезде олардың жанында тұрған шеберлер қазір мэтрлерге айналды. Ұрпақтардың осы ажырамас байланысын қолдау – «Бастаудың» басты міндеті және ол осы жұмысты тамаша орындап келеді.