Алматыда «Бастау» кинофестивалі өз жұмысын бастады

12 желтоқсанда Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Бастау» ХІ Халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Салтанатты шараны Санжар Мади мен Майя Веронская жүргізді.

Ашылу салтанатына кинофестиваль президенті Сергей Әзімов, Францияның Алматыдағы Бас консулы Фабрис Неве, ҚазҰӨА ректорының м.а. Шыңғыс Ергобек қатысты. Шақырылған қонақтардың арасында Халық әртісі Асанәлі Әшімов, актрисалар Лаура Мырзахметова, Жанна Қуанышева, режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов, продюсер Әлия Увальжанова және басқалар болды.

«Бүгін үлкен мереке – жастар киносының мерекесі. Олар біздің болашағымыз. Осындай фестивальдер ұзағынан болғай. Бірінші фестивальді өткізу оңай, екінші, үшінші – ең қиыны оныншы, он бірінші фестивальді өткізу. Бірақ та, осы фестивальдің керектігін, оның жастарға ауадай қажеттігін түсінген біздің қолдаушыларға алғысымды білдіремін. Бүкіл біздің фестивальдің достарына мың алғыс. Көп рахмет, баршаңызға!», – деді Сергей Әзімов.

Фестиваль режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» фильмімен ашылды, ол екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқынға түскен жапон курсанты Ахико Тецуроның шынайы оқиғасын баяндайды.

«Арман» кинотеатрында 12-16 желтоқсан аралығында фестиваль қонақтарына 70-тен астам картиналар көрсетіледі, ал Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да әлемнің жетекші кино мамандарының шеберлік сыныптары мен Франция киномектептерінің тұсаукесерлері өтеді. Фестиваль аясында қысқаметражды көркем және деректі фильмдер жобалары бар режиссерлерге арналған Almaty Film Lab шеберханасы өтеді. Жеңімпаздарды ақшалай сыйлықтар күтеді. Зертхананың жалпы жүлде қоры 7 млн теңгені құрап отыр.

Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Фестивальдің серіктестері – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі, AlmaU медиа және кино мектебі және Қазақ ұлттық өнер университеті.

Фестивальдің ақпараттық серіктестері: «Qazaqstan», «Хабар», «24 KZ», «Ел арна», «Jibek Joly», «Silk Way», «Silk Way Cinema», «Almaty tv», «Alatau tv» телеарналары, «Эльдорадио» және «Народное радио» радиостанциялары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан» басылымдары, «Время», «Baq.kz», «Kazinform», «365 info», «Orda.kz», «Global.news.kz», «Qaz365.kz» порталдары, «Qazcontent» медиакомпаниясы, JAS ÓNER журанлы және PRO Production сайты.