XII-ші «Бастау» кинофестивалінің жеңімпаздарды анықталды

14 желтоқсанда Алматыда XII Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өз мәресіне жетті. Шараның жабылу салтанаты AlmaU-дағы Atrium Grand Hall залында өтті, онда BASTAU SHORTS байқау бағдарламасының жеңімпаздары анықталды.

Үздік қысқаметражды фильм номинациясында бас сыйлықты польшалық режиссер Доминик Мирецкийдің «Son of Happiness» картинасы жеңіп алды. Ең үздік анимациялық туынды болып украиналық «Обіруч» фильмі атанды. Ал деректі фильмдер секциясында бас жүлдені отандық «Menin Terminatorsham» картинасы ұтты. Сонымен бірге қазылар алқасы Словакиядан келген «Кәсіби ата-ана» атты туындыны ерекше атап өтті.

«Кинода ең қиыны – ол бастау. Сол себепті біздің басты мақсатымыз осы дарынды жастардың алғашқы қадамында қолдау көрсету, дамыту, оларды таныту. Ол үлкен жұмыс. Ұйымдастыру қиыншылықтарына, қаражаттың жоқтығына қарамастан біз биыл фестивальді өзіміз өткіздік. Бүкіл серіктестер мен қолдаушыларға мың алғыс», – деп атап өтті «Бастау» президенті Сергей Әзімов.

Дәстүрлі түрде фестивальде студенттік қазылар алқасы жұмыс істеді, олар да өз жеңімпаздарын таңдады. Жастардың таңдауы Польшадан келген тағы бір картина – Александр Пакульскийдің Hi grandpa фильмі. Студенттер сонымен қатар дебютант Махамбет Мырзаның «Қараша» атты туындысын да ерекше атап өтті.

«Бұл менің дебюттік жұмысым. Бірінші курста түсіргем. Қазір өнер академиясында екінші курста оқимын. Бұл менің үшінші фестивалім. Мәскеуде, және күні кеше Түркияда болдым. Бірақ алғашқы жүлдемді Қазақстанда алып отырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Менің фильмім – ауылда адал еңбекпен өмір сүретін ата мен әже туралы». – дейді дебютант, танымал тиктокер Махамбет Мырза.

Сонымен қатар, Түркияның «Vaziyet» атты туындысы НЕТПАК – Азия киносын ілгерілету жөніндегі дүниежүзілік ұйымның жүлдесін жеңіп алды. Ал фестиваль президентінің «Жарқын дебют» үшін арнайы жүлдесімен отандық режиссер Алина Мұстафина «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына пірәндік» деректі фильмі үшін марапатталды.

Сондай-ақ, салтанатты рәсімде режиссерлерге арналған Almaty Film Lab шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Олар өз жобаларын одан әрі өндіру үшін қаржылық қолдау алады. Жеңіпмаздардың қатарына «Аяулым» жобасымен Мира Абдрахманова және «Тойымсыз адамдар» туындысымен Дастан Түсіпбеков қосылды.

Салтанатты шара былтырғы питчинг жеңімпаздарының үш қысқаметражды фильмін көрсетілімімен аяқталды.

Естеріңізге сала кетсек, биыл конкурстық бағдарламаға 500-ден астам өтінім келіп түсті, олардың ішінен 28 елдің 43 картинасы іріктелді. Сондай-ақ, фестивальдің ашылу салтанатында отандық киноиндустрияның дамуына қосқан үлесі үшін ақсақалдарымыз Асанәлі Әшімов, Рахман Әлшанов және Қанат Әбішевке ерекше сыйлықтар табысталды. Фестивальді дәстүрлі түрде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Tanaris Production және A-Team кинокомпаниялары ұйымдастырды.